БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Бішкекте өткен баспасөз жиынында Қырғызстандағы коррупцияны "елдегі ең үлкен проблема" деп сынады.
Пиллэйдің сөзіне қарағанда, қырғыз билігі әсіресе мемлекеттік қызметтегілер жасаған коррупциялық қылмыстарды ашып, жазалауы тиіс.
Жоғарғы комиссар бұған қоса елде азаматтарды ұлттық, діни және жыныстық белгілеріне қарап кемсітудің кең тарағанын атап айтты. Ол бұған дәлел ретінде Оштағы жағдайды келтірді. Онда халықтың тең жарымы өзбектер болса да, қалада бір де бір өзбек судьясы жоқ.
Пиллэйдің айтуынша, 2010 жылы маусымда болған этникалық жанжалдар мұны айқын көрсетіп берді. Ол бұған дәлел ретінде сол кезде құрбан болғандардың 75 пайызы өзбектер екенін алға тартады. Қақтығысқа қатысы бар деп тұтқындалғандардың да төрттен үші өзбектер.
сурет trtkazakh.com сайтынан