Ресейлік дәрігерлер аптап ыстықта спортзалдарында спортпен шұғылданудан бас тартуға шақырып, жыныстық қатынаспен аз мөлшерде ғана айналысу керектігін айтты, мұның бәрі жүрек ауруларына ұшыратуы мүмкін көрінеді.
Дәрігерлердің ойынша, аптап ыстықта адам ағзасы онсыз да шаршаңқы күйде болады. РФ Денсаулық сақтау министрлігі Ресей кардиологиялық ғылыми-өндірістік кешені атеросклероз мәселелері бөлімінің аға ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының докторы Игорь Сергиенко ыстықта жүрегінің дерті бар адамдар мен гипертонияға шалдыққандарға ашық күннің астында жүруге болмайтынын, ал қан қысымының нормадан ауытқушылығы байқалса, бірден дәрігерге көрінген жөн екендігі жөнінде кеңес берді.
Бұдан бөлек, дене қимылдарын жасап, ағзаға күш түсіруден де бойды аулақ салу керек. Жоғары категориялы дәрігер-кардиолог Ольга Жихарева аптап ыстықта жүрек пен қан тамырларына салмақ салатын жайттардың бірі – жыныстық қатынаспен айналысу екенін айтады, өйткені жыныстық қатынас кезінде тамыр соғуы жиілеп, қан қысымы көтеріледі, тыныс алу жиілігі өседі.
Дәрігер-сексолог, психотерапевт, Ресей ғылыми сексология қоғамдастығының мүшесі Евгений Кульгавчук те ауа температурасының ең жоғары нүктелеріндегі кез келген белсенділіктің қауіпті екенін айтты.
сурет liveinternet.ru сайтынан