Семейде ІІБ, Әділет басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мамандары заңсыз сауданың алдын алуға бағытталған арнайы жұмыс тобы бірлескен рейд өткізді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Нұрғалиев бастаған жұмыс тобы қала көшелері мен әмбебап дүкендердің жан-жағын жіті қадағалап шықты.
- Бұрын қалада 27 жерде заңсыз сауда мекені болса, бүгінгі күнде жеті жерде тұр. Жеті жердің бірі осы- Жаңа құрылыс ауданы. Заңсыз саудамен күрескелі де үш жыл болды. Біз де тығырыққа тіреліп тұрмыз. Олар бізді ұққысы да, түсінгісі де келмейді. Бірақ, тәртіптің аты тәртіп. Былтырғы жылы Өскемен қаласындағы экономикалық сот арқылы 17 заңсыз сауда орындарына шағым түсірдік. Бұл күнде олардың 10-ы жабылды, 7 -і қаралу үстінде. Жеке павильондар, заңсыз жазғы кафелер ашылып жатыр. Біз осылармен заң тұрғысында күресуміз керек, - дейді Семей қалалық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Бағлан Шегедеков.
-Екі мобильді топ сол және оң жағалауда жұмыс жасайды. Екі топ та күнделікті жұмыс істейтін болады. Осыған сәйкес құрылған жұмыс тобының отырысы әкімдікте аптасына бір рет өтіп отырады. Маусымның 6-нан бастап іске кіріскен мобильдік топтың 40 заңсыз сауда нүктесін жабу шешімі қабылданды. Бұл жерде тек 165 бап қана бұзылып жатқан жоқ. Бірнеше баптың бұзылғандығына көзіміз жетіп отыр. Сондықтан айыппұлдың да көлемі ұлғая береді, - дейді Нұрбол Нұрғалиев.
Осы орайда Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов коммуналдық базарларды жандандыру керектігін алға тартқан болатын. Бұл қала тұрғандары үшін орны ерекше деп айтуға тұрарлық. Айбек Мүталапханұлы бұрынғы Семей облысына қарасты аудандардың ірі - ірі шаруа қожалықтары және өндіріс ошақтарымен ортақ мақсатта жұмыс жасауға мүмкіндік беріп отыр. Екі жаққа да тиімді іске әзірге Бородулиха ауданы қызығушылық танытуда. Ауданның әлеуеті жоғары қожалықтары Семейден өнім өткеретін жер алып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ортақ мақсаттағы қолға алынған коммуналдық базарлар құрылып жатса, тұрғындар үшін арзан әрі сапалы өнім алудың жолы ашылып, заңсыз сауда саябыр табар еді.
сурет pkzsk.info сайтынан