Астанадағы жаңа тікұшақ зауытында 100 тікұшаққа сервистік қызмет көрсетіледі, деп хабарлады «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ-ының вице-президенті Қайрат Тілебалдинов.
«Қазақстан аталған кәсіпорынды құру туралы келісімге қол қоя отырып, аталған тікұшақтарды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және жақын жатқан аумақтарда сатудың бірегей құқығына ие болды. Бұдан басқа, Қазақстанда 100 бортқа сервистік қызмет көрсету мүмкіндігі бар», - деді ол сәрсенбі күні баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-інің бас директоры Роберт Золлингер хабарлағандай, компания тікұшақтарды Қазақстанда ғана емес, басқа мемлекеттерде де сатуды жоспарлап отыр.
«Біз тікұшақтарымызды Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Монғолия сияқты көрші елдерге экспорттауды қолға алмақпыз», - деді ол. Оның айтуынша, бұл жерде тікұшақ экспорты туралы ғана емес, қосалқы бөлшектердің экспорттық жеткізілімдері және оқыту туралы сөз болып отыр.
«Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-інің коммерциялық директоры Кәрібай Әблезов компанияның ресейлік әріптестермен Астанада құрастырылған ЕС 145 тікұшақтарын сату бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады.
««Қазақстан инжиниринг» компаниясы мен «Еврокоптер» компаниясының арасында 2 келісімге қол қойылды: ынтымақтастық туралы және дистрибьюторлық туралы. Дистрибьюторлық туралы келісімге сәйкес, дистрибуция үш аймақта дамытылады. Біріншісі – Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан. Екіншісі - Әзербайжан, Түркменстан және үшінші аймақ – Ресей мен Беларусь», - деді ол.
Оның айтуынша, РФ аумағында «Евротолл» компаниясы дистрибьюторлық ұйымы бар .
«Біз қазір «Евротоллмен» (Астанада құрастырылған ЕС 145 тікұшақтарын РФ-да сату бойынша) келіссөз жүргізіп жатырмыз, бұл да «Еврокоптер» компаниясының еншілес ұйымы…Ресей жағынан қызығушылық болатыны анық, өйткені бізде орыс тілінде оқытатын әлемдегі жалғыз орталық болады, бұған ресейліктер де қызығушылық танытады деп ойлаймын», - деді Қ. Әблезов.
EADS-нің Қазақстандағы бас директоры Сильвер Делоне Астанада жиналған EC 145 тікұшағының бағасы салықты есептемегенде 6 - 10 млн еуро болуы мүмкін деді. Ол Мәскеудің құқық қорғау органдары пайдаланатын ЕС 145 тікұшақтары Астананың географиялық түрде алыс орналасқанына байланысты Еуропа аумағында жөндеуден өткізілетінін айтты. Зауытта осы жаздың соңында тікұшақтар құрастырыла бастайды, қазір инспекциялық процедуралар жүріп жатыр.
«Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-інің баспасөз қызметі ЕС 145 тікұшақтарын жинау және оларға қызмет көрсету бойынша зауыт Астанада 29 маусымда ашылатынын хабарлаған болатын.
«29 маусымда Астанада ЕС 145 тікұшақтарын құрастыру мен оларға қызмет көрсететін зауыт - «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС ашылады. Бұл «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен француздың Eurocopter компаниясының бірлескен кәсіпорны», - делінген 26 маусымда таратылған ақпаратта.
Сәйкес келісімге 2010 жылдың 27 қазанында Францияда мемлекет басшысының тапсырмасымен қол қойылған. Зауыт ТМД аумағында ЕС 145 тікұшақтарын өндіруші жалғыз кәсіпорын болып табылады. Қазақстан бұл тікұшақтарды көрші елдерге сатудың айрықша құқығына ие болады
Жобаға бағытталған инвестицияның көлемі 11,5 млн еуро шамасында, оның жартысын Франция жағы бөліп отыр. Жыл сайын тікұшақтардың 10 моделін құрастыру жоспарланған.
Қазақстанның Eurocopter компаниясымен ынтымақтастығының айрықша шарты – зияткерлік меншікті пайдалану құқығы (ноу-хау, патенттер, сауда белгілерімен бірге).
2011 жылы БК министрліктерге алғашқы 6 тікұшақ жеткізді.
Биыл 8 тікұшақ жеткізу жоспарланған. KADEX-2012 көрмесі барысында ҚР қорғаныс министрлігімен ЕС725 моделінің 20 Eurocopter тікұшағын сатып алу туралы келісімге қол қойылды.
Зауыт Астана әуежайының ауданында салынды. Аумағының ауданы - 20 га, ғимараттың өзінің ауданы - 2,3 га.
Кәсіпорынның аумағында орыс тілінде ұшу және техникалық құрамды орыс тілінде оқытатын әлемдегі алғашқы академия жұмыс істейді. Ол Еуропаның авиациялық қауіпсіздік агенттігінің талаптарына және бірыңғай авиациялық талаптарға сәйкес құрылады.
Eurocopter компаниясы - дүниежүзілік азаматтық нарықтың тікұшақ машиналарын жасау секторында өз орнын тапқан компаниялардың бірі. Оның өнімі әлемнің ведомстволық және азаматтық нарығының 43%құрайды. Оның 11 300тікұшағы әлемнің 149 елінде пайдаланылады.
«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ 2003 жылы Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын және әскери зауыттарын Компанияның құрамына кіргізу жолымен құрылған. «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ кіреді және Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің басқаруына жатады. Республиканың ең ірі әскери кәсіпорындарының біріңғай қаржылық, өндірістік және технологиялық саясатын қамтамасыз ететін холдингтік құрылым болып табылады.
сурет aerotaxi.ucoz.ru сайтынан