Соңғы жылдары Қазақстан тарапынан көтеріліп жүрген экологиялық бастамалар Орталық Азия елдерінің дамуына оң әсер етеді деп білеміз.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымына мүше мемлекеттердің (ИСЕСКО) Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-і Ислам Конференциясы барысында Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мемлекеттік агенттігінің стасс-хатшысы Абдымитал Чынгыжоев мәлім етті.
Астанадағы Ислам Конференциясы әлем елдері алдындағы айтулы үлкен оқиғаның Рио-де-Жанейрода маусым айында өтетін «Рио+20» саммитінің алдын орай өткізіліп отыр. Бұл ауқымды шараны әлем елдері тағатсыз күтіп отырғаны айқын. Соның алдында біз ислам елдері жаһандық мәселеге орай әлемдік саммитте бірыңғай ұстанымды ұсыну үшін жиналып отырмыз, -деді А.Чынгыжоев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Орталық Азиядағы таулы экожүйе жағдайында үлкен алаңдаушылықтар баршылық. Сонымен қатар, өңірдегі таулы аймақтар тек Қырғызстан мен Тәжікстан үшін ғана емес, Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер үшін үлкен мәнге ие болып отыр. Бұдан бөлек, Қырғызстан тарапы мұздықтардың жағдайына да қатты алаңдайды.
Жалпы Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың бастамасы болып табылатын Жаһандық энерго-экологиялық стратегиясы мен «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын бүгінгі конференцияға қатысушылар Қырғыз тарапы секілді толық қолдайды деп сенемін. Тоқтала кететін жайт, соңғы жылдары Қазақстан тарапынан көтеріліп жүрген экологиялық бастамалар тұтастай Орталық Азия елдерінің дамуына оң әсер етеді деп білеміз, - деді А.Чынгыжоев.
сурет ҚазАқпарат сайтынан