Өскемен қаласы ішкі істер басқармасы Солжағалау полиция бөлімінің қызметкерлері ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында орын алған ұрлықтың бетін ашты. Бұл туралы Жанболат Санияз ШҚО ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Жәбірленушіге келген шығынның жалпы көлемі 500 мың теңгеден асады.
Өтепов көшесінің бойында орналасқан көп қабатты үйлердің бірінде пәтер есігінің құлпына кілт тарылтып кіру арқылы тонағанын жәбірленуші Наталья, сәуір айында хабарлаған болатын. Содан бері біраз уақыт өтсе де қылмыскерлерді іздестіру бір сәтке де толастаған жоқ. Полиция қызметкерлері қылмыстық іс бойынша іздестіру кезінде күдікті ретінде қолға түскен К. есімді азамат, кінәлі екендігін өз мойнына алды.
Ол күндізгі сағат 11-14.30 аралығында жәбірленушінің пәтерінен 200 мың теңге мен 200 АҚШ долларын және 1 000 ресей рублін қалтасына басқан. Әп-сәттің ішінде қомақты қаржыға қолы жеткен баукеспе, әйелдің інжу және гауһар тасымен көмкерілген әшекей бұйымдарын, ноутбугын қолды қылған. Ал үй иесінің туғандарының меншігіндегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Ерлігі үшін» және Қарулы Күштердің екі бірдей мерейтой медальдары да сол күні жоғалғанымен күдікті оларды ұрламағанын айтып ақталуда.
Тергеу абақтысында отырған азамат К-нің үстінен қозғалған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 175 бабының 2 тармағына (ұрлық) сәйкес істің үстіне, енді ҚР ҚК 323 бап бойынша да іс қозғалды. Яғни ресми құжаттарды және мемлекеттік наградаларды сатып алу немесе өткізу дерегіне сәйкес.
сурет kb-yola.ru сайтынан