Қарағанды облысы Приозерск қаласының құны Т12,6 млрд жететін 2011-2013 жж. арналған әлеуметтік-экономикалық кешенді даму жоспары жүзеге асырылуда, деп хабарлады облыстық әкімшіліктен.
«Облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов 15 маусым күні Приозерск қаласына жұмыс сапары кезінде ел үкіметімен бекітілген 2011-2013 жж арналған қаланың әлеуметтік-экономикалық кешенді даму жоспарының жүзеге асу барысымен танысты. Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Қаланың қысқа дайындығына баса назар аударылды. Актив жиналысында қала басшылығының Приозерскінің 5 ай мерзіміндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөніндегі есебі тыңдалды», - делінген сенбі күні облыс әкімшілігінің баспасөз-қызметімен таратылған ақпаратта.
3 жыл мерзімге арналған Приозерскінің әлеуметтік-экономикалық кешенді даму жоспары бірқатар бөлімдерден тұрады, шараларды жүзеге асыруға Т12,6 млрд қарастырылған, сондай-ақ, Т8,6 млрд – республикалық бюджеттен және Т4 млрд – жергілікті бюджеттен, деп хабарлады облыс әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
«Приозерск қаласында өткен жылы жылу беру маусымы тұрақты өтті, тұрғын үйлердің қазандық және жылу беру жүйесіне жөндеу жұмыстары жасалғандықтан ешқандай апаттық жағдайлар болған жоқ. Қазандық жүйесінде 5 қазандық, жүйелік, сіңіргіш сорғыштар және тағы басқа қажетті технологиялық құрал-жабдықтар бар. Бұнымен қоса, негізгі және қосалқы құрылғыларды басқару автоматты түрде жүзеге асады. Қазандық жүйесінің жұмысымен танысқан облыс әкіміне биылғы жылы жөндеу жұмыстары белгіленген кестеден бұрын жасалып жатыр деп есеп берілді», - делінген мәліметте.
Аймақ басшысының пікірінше, қазандық жүйесін жаңарту тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кешенді жоспарға сәйкес, қаладағы жаңа қазандықтың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. «Приозерск қаласында жаңа қазандықтың салынуының қажеттілігі техникалық-экономикалық негізге сәйкес оң экономикалық нәтиже негізінде анықталатын болады. Болжалды түрде жобаның құны Т3,6 млрд құрайды», - делінген жоспарда.
Актив отырысында Приозерск әкімі Ерлан Үтешевтің есеп беруі бойынша, қалада 5 ай ішінде Т671,2 млн сомасына өнеркәсіп өнімі өндірілген, бұл өткен жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 6,3%-ға жоғары. «Негізгі капиталға құйылған инвестициялар өткен жылдың ұқсас мерзімінің Т570 млн немесе 122% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 есе көбейіп, Т223,5 млн құрады. 1 маусымдағы жағдай бойынша 2221 шаршы метр баспана тұрғызылды немесе 2011 жылғы 5 ай мерзімінінің 101,9% құрады. Жекеменшік инвестициялар есебінен дүкен мен дәріхана салынды», - деді қала әкімі. Оның айтуынша қалада 400 кәсіпкер шағын бизнеспен айналысуда, және олардың саны 10,5%-ға өсті.
«Қаланың әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспары аясында биылғы жылы ауызсумен қамту коммуникациялары, мұнай өнімдерімен ластанған жағажай аумақтарын жою, сондай-ақ өнер және спорт мекептерін күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бюджеттік өтінімдер тапсырылды, ағымдағы жылы республикалық бюджет нақтыланған кезде қаржы бөлінеді деп күтілуде», - деп хабарлады Е.Үтешев.
Оның айтуынша, жаңа қазандық, балабақша құрылысы және жеке тазарту құрылғыларын қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.
«Приозерскіде қалалық мәдениет үйін ашу қажеттілігі баяғадан бері туындап отыр. РФ қорғаныс министрілігімен жалға алынатын гарнизондық офицерлер үйінің ғимаратын қаланың коммуналдық меншігіне тапсыру туралы мәселені үкіметаралық комиссияның отырысында көтеру жұмысы жүргізілуде», - деп атап өтті Е.Үтешев.
Есепте көрсетілгендей, биылғы жылы Приозерскіде 242 жарық тіреулері орнатылады және 8,5 мың метр көшелер аумағында жарықтандыру қалпына келтіріледі. Бұнымен қоса, жер учаскелеріне рекультиваторлаумен 53 қираған нысанды жою жоспарланып отыр.
Приозерск қаласының әкімі облыстық билікті қала шекарасын кеңейту туралы мәселені шешуге көмек сұрады. «Қала ерекшелігін есепке ала отырып, Приозерскінің қазіргі аумағы тек 5,4 мың га құрайды, бұл әрі қарай тұрақты экономикалық даму үшін жеткіліксіз.
Приозерскіге жалпы көлемі 18 мың 274 гектарға жететін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының жер аумағын беру керек: бұл Қоржынтүбек түбегінің аумағы және әрі қарай № 8, 11, 14, 38 әскери алаңдары орналасқан жағалау бойымен Қашқантеңіз шығанағына дейінгі аумақ, «Неман», «Дон», Сары-Шаған полигонына қарасты сынақ су бөгеті. Бұнымен қоса, облыс ішіндегі Ақтоғай ауданының 290 га жерін және приозерлік Камабала аэродромы маңындағы Шет ауданының 10 556 аумағын беру керек», - деп ұсынды Е.Үтешев.
сурет newskaz.kz сайтынан